Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Әділетті Қазақстан» бағдарламасындағы экономикалық реформалардың негізгі мақсаты – өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және халықты тұрақты жұмыспен қамту. Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру бағытында Жетісай ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы жылдары аудан экономикасына инвестиция тарту көрсеткіші артып, өндіріс саласын дамытуға бағытталған нақты жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Бүгінде Жетісай ауданында арнайы индустриялды аймақ пен өндірістік парктер құру арқылы өңірдің экономикалық қуатын күшейту көзделіп отыр. Бұл бастамалар ауданның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін береді. Сонымен қатар жаңа кәсіпорындардың ашылуы жергілікті тұрғындардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасап, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етпек.
Осы мақсатта жуырда Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиын барысында 2026 жылы жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта қолға алынатын инвестициялық жобалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Басқосуға жауапты бөлім басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар онлайн және офлайн форматта қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасау – жергілікті атқарушы биліктің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары кәсіпкерлердің сенімін арттырып, жаңа өндірістердің ашылуына жол ашады. Сондықтан инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді жедел шешу маңызды.
Жиында сала жетекшілеріне әрбір жобаны тұрақты бақылауда ұстап, инвесторларға қажетті инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық қолдау көрсету тапсырылды. Жер телімдерін рәсімдеу, инженерлік инфрақұрылым тарту, электр қуаты мен табиғи газ жүйесіне қосылу мәселелерін уақытылы шешу қажеттігі айтылды. Бұл жұмыстардың барлығы ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда Жетісай ауданындағы индустриялды аймақта жалпы құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 9 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар өндіріс көлемін арттырумен қатар, жаңа технологияларды енгізуге және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өндірістік парк аумағында құны 210 миллион теңге болатын 5 жаңа өндіріс орнын ашу жоспарланып отыр.
Бұл бастамалардың әлеуметтік маңызы да ерекше. Жобалар толық іске қосылған кезде 1200-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Нәтижесінде, аудан халқының әл-ауқаты жақсарып, жастардың жұмыс іздеп өзге өңірлерге көшу деңгейі төмендейді. Сонымен қатар өндіріс орындарының көбеюі бюджетке түсетін салық көлемін арттырып, экономиканың тұрақты дамуына негіз қалайды.
Индустриялды аймақтар мен өндірістік парктердің құрылуы кәсіпкерлерге де жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Заманауи инфрақұрылыммен қамтылған өндірістік алаңдар кәсіп ашуға қолайлы орта қалыптастырып, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына оң әсер етеді.
Жетісай ауданында жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар — «Әділетті Қазақстан» реформаларының нақты нәтижесінің көрінісі. Мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді байланыс өңір экономикасының қарқынды дамуына жол ашып отыр. Ауданға қызығушылық танытқан инвесторлар саны артып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниетті кәсіпкерлер көбейіп келеді.
Жетісай ауданындағы инвестициялық белсенділік – өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Инвесторларға жасалған қолайлы жағдай мен мемлекеттік қолдау шаралары ауданның алдағы уақытта ірі өндірістік орталықтардың біріне айналуына негіз болады. Бұл жұмыстар халықтың әл-ауқатын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
