Rasmedia.kz
БілімЖаңалықтарҚоғамРуханият

Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтеді: Ел көлемінде ауқымды апталық басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген 23 сәуір — Ұлттық кітап күніне орай Қазақстанның барлық өңірінде «Кітап апталығы» басталды. Зияткерлік ұлт қалыптастыруды көздейтін бұл жоба аясында ел аумағында 1500-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылады.

Апталықтың басты мақсаты — кітап оқуды трендке айналдыру, отандық жазушылар мен баспаларға қолдау көрсету және жастардың білімге деген құштарлығын ояту.

Апталықтың бірегей бағдарламасы

Әр күннің өзіндік тақырыбы мен ерекше форматы бар:

  • 16 сәуір: «Артық білім кітапта…» — Ағартушылық бағытындағы кездесулер.

  • 17 сәуір: «Сөз өнеріндегі өлкетану» — Өңірлік әдебиетті дәріптеу.

  • 18 сәуір: «Кітапхана түні» — Оқырмандар үшін ең қызықты түнгі интерактивті акция.

  • 19-20 сәуір: «Weekend. Book. Vibes» — Демалыс күндеріндегі кітап фестивальдері.

  • 21 сәуір: «Кітап. Тарих. Шежіре» — Тарихи туындылар мен деректі әдебиет күні.

  • 22 сәуір: «Кітап – достық амбассадоры» — Халықаралық әдеби байланыстар.

  • 23 сәуір: Ұлттық кітап күні.

Бүгінгі күн: «Артық білім кітапта…»

Бүгін апталықтың алғашқы күні рухани даму мен ағартушылық мәселелеріне арналған. Еліміздің кітапханалары мен мәдениет үйлерінде ашық есік күндері, кітап жәрмеңкелері мен марафондар басталып кетті. Баспа үйлері мен кітап дүкендері оқырмандар үшін арнайы жеңілдіктер мен таныстырылымдар ұйымдастыруда.

Кітапханалар — зияткерлік орталыққа айналуда

Ресми хабарламаға сәйкес, заманауи кітапханалар тек кітап сақтайтын орын емес, пікірталас алаңы мен креативті хаб ретінде таныстырылады. Тақырыптық көрмелер мен жаңа туындылардың тұсаукесерлері арқылы кітаптың қоғамдағы беделін арттыру көзделген.