Rasmedia.kz
БілімЖаңалықтарҚоғамТехнология

Орталық Азияда теңдесі жоқ: Алматыда маусым айында халықаралық балалар ғылыми музейі ашылады

Сингапурда Алматы балалар ғылыми музейінің (ACSM) өкілдері мен әлемдік деңгейдегі жетекші серіктестер — Science Centre Singapore және Kingsmen Creatives Ltd компанияларының қатысуымен стратегиялық кездесу өтті. Тараптар биылғы маусым айында есігін айқара ашатын бірегей орталықтың ашылу дайындығын пысықтады.

Бұл жоба — Орталық Азия өңіріндегі халықаралық стандарттарға сай алғашқы ауқымды балалар ғылыми кеңістігі болмақ.

Жоба жетекшісі Майра Тұрғанованың айтуынша, музейдің білім беру бағыты әлемге әйгілі Science Centre Singapore орталығының франшизасы мен зияткерлік тәжірибесіне негізделген.

  • 130-дан астам бағдарлама: Science Hub ACSM галереялары мен зертханалары үшін арнайы білім беру бағдарламалары әзірленді.

  • Локализация: Әрбір экспозиция Қазақстанның ұлттық ерекшеліктеріне бейімделген. Келушілер Арал теңізінің тағдырынан бастап, киіз үй құрылымының физикалық заңдылықтарына дейін ғылыми тұрғыдан зерттей алады.

Science Centre Singapore — 50 жылға жуық тарихы бар, жылына миллионнан астам адамды қабылдайтын жаһандық білім беру ошағы. Оның құрамындағы KidsSTOP балалар кеңістігінің моделі Алматыдағы жаңа музейдің іргетасы болды.

«Алматыда өз брендімізді таныстыру — біз үшін маңызды стратегиялық қадам. Біз қазақстандық жас буынға ғылымды ойын арқылы тануға мүмкіндік беріп, олардың жаһандық деңгейдегі ғылыми сауаттылығын арттыруға атсалысамыз», — деп атап өтті Singapore Science Centre Global бас директоры Эндрю Тан.

Жобаның дизайны мен интерактивті бөлігіне жауапты Kingsmen Creatives Ltd өкілі Энтони Чонг музейдің ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа орталық тек білім беріп қана қоймай, Қазақстанның мәдени болмысын заманауи технологиялармен шебер ұштастыратын иммерсивті кеңістікке айналады.

Музей тек балалардың бос уақытын өткізу орны ғана емес, сонымен қатар ғылыми қызметкерлер мен педагогтарды даярлайтын кәсіби орталық ретінде қызмет етеді. Маусым айында ашылатын бұл нысан Алматының туристік және білім беру әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.