Түркістан облысында өндірісті жандандыру және инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда өңірдегі 21 индустриялық аймақта жалпы құны 132,3 млрд теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде мәлім болды.
Ауқымды жобалар толық қуатына енген жағдайда өңірде 6 001 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Бүгінгі таңда индустриялық аймақтардағы жұмыс екі бағытта жүріп жатыр:
-
Іске қосылған жобалар: Құны 59,8 млрд теңге болатын 55 жоба жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде 3 454 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
-
Жүзеге асырылып жатқан жобалар: Құны 72,6 млрд теңгені құрайтын 43 жоба әзірлену үстінде. Бұл қосымша 2 547 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлыбек Исаевтың мәліметінше, өткен жылы бұл кәсіпорындар 26,2 млрд теңгенің өнімін өндірген.
-
Бюджетке 1,7 млрд теңге салық төленді.
-
Инфрақұрылымға жұмсалған бюджеттің әрбір 1 теңгесіне 10,7 теңге жеке инвестиция тартылған. бұл көрсеткіш мемлекеттік қолдаудың жоғары тиімділігін көрсетеді.
Индустриялық аймақтарда экономиканың күретамыры саналатын салалар қамтылған:
Жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, құрылыс материалдары, машина жасау, металлургия және жиһаз жасау.
Сонымен қатар, облыс басшысының тапсырмасымен аумағы 150 гектарды құрайтын «Түркістан-2» жаңа индустриялық аймағы құрылып, қазіргі таңда құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров хаттамалық тапсырмаларды сылбыр орындаған бірқатар аудан, қала әкімдерін сынға алды.
«Біздің мақсатымыз – экономиканы әртараптандыру және халықты жұмыспен қамту. Жер және инфрақұрылым мәселесін жедел шешіп, инвесторларға барынша жағдай жасауды талап етемін», – деді өңір басшысы.
