Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамСаясат

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Конституция — еліміздің тағдырын айқындайтын тарихи құжат»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Мемлекет басшысы елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан №51 референдум учаскесінде дауыс берді.

Саяси науқанда дауыс бергеннен кейін Президент отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне арналған арнайы брифинг өткізді. Мемлекет басшысы бүгінгі күнді Қазақстанның даму жолындағы жаңа белес әрі тарихи сәт деп бағалады.

Президент өз сөзінде 1995 жылғы қолданыстағы Ата заңның ширек ғасырдан астам уақыт бойы атқарған маңызды рөлін атап өтті. Дегенмен, уақыт көшінен қалмау үшін түбегейлі өзгерістердің қажеттігіне тоқталды.

«Бүгін — еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтаймын! Бұл — шын мәніндегі тарихи құжат. Ол әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мызғымас кепіліне айналады. Жаңа Конституция еліміздің тұтастығын, Тәуелсіздігіміз бен Егемендігімізді қорғауға бағытталған», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл құжатты дайындауға өзінің тікелей қатысқанын, атап айтқанда, Конституцияның преамбуласы мен бірқатар маңызды нормаларын жеке өзі жазғанын айтты.

Президенттің айтуынша, жаңа Ата заң мемлекет пен қоғамның арасындағы жаңа әлеуметтік келісімге айналып, еліміздің технологиялық және демократиялық өрлеуіне жол ашпақ. Мемлекет басшысы бұл реформалардың ел игілігі мен келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін қызмет ететініне сенім білдірді.