Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков республикалық референдумда өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдірді.
Үшінші мегаполис басшысы дауыс беру үшін «Түркістан сарайы» ғимаратында орналасқан №231 сайлау учаскесіне барды. Қала әкімі учаскеге таңертеңгі уақытта келіп, заңнамалық талаптарға сай дауыс беру рәсімінен өтті.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ғабит Сыздықбеков саяси науқанның қоғам үшін маңызына ерекше тоқталған.
«Референдум – бұл азаматтардың өз еркін тікелей білдіруінің бірегей нысаны. Сонымен қатар, бұл маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қоғамның пәрменді түрде қатысуын қамтамасыз ететін негізгі тетік болып табылады», – деді қала басшысы.
Айта кетейік, бүгін Шымкент тұрғындары Жаңа Конституция жобасы бойынша өз таңдауын жасауда. Қала бойынша сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
