Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамМәдениетРуханият

Алматыда 8 наурыз қарсаңында салтанатты қабылдау өтті: Дархан Сатыбалды мемлекеттік наградаларды табыстады

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Достық үйінде мерекелік жиын өткізді. Қала басшысы Мемлекет басшысының атынан түрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға жоғары мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде тапсырды.

Жиынға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, энергетика және бизнес саласының үздіктері, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты. Әкім өз құттықтауында әйелдер қауымының мегаполис пен тұтас елдің дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталды.

Биыл 90 жасқа толатын Қазақстанның халық артисі, театр және кино майталманы Нүкетай Мышбаева ҚР Президентінің Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

  • Актриса М. Әуезов атындағы драма театрында 70 жылдан астам еңбек етіп, сахнада 100-ден астам қайталанбас бейнені сомдаған.

Ел дамуына үлес қосқан «Құрмет» ордені иелері:

Ерен еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін бірқатар азаматшалар «Құрмет» орденіне ие болды:

  • Раушан Жақсыбай – «Asmed» клиникалар желісінің негізін қалаушы;
  • Әсел Марченко – Ұлттық төлем корпорациясы төрағасының орынбасары;
  • Тұрсынкүл Тасболатова – ардагер ұстаз, математика пәнінің мұғалімі;
  • Әлия Төрешева – онколог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғандар:

Қаланың әлеуметтік-экономикалық және коммуналдық саласында тер төгіп жүрген мамандар да назардан тыс қалған жоқ:

  • Айдана Айдарова – №178 лицейдің биология пәні мұғалімі;
  • Елена Крюкова – «Алматы жылу желілері» кәсіпорнының маманы;
  • Анаркүл Құрманбаева – Түрксіб ауданындағы жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрайымы;
  • Айдана Тыныбек – №15 санаторлық мектеп-интернаты директорының орынбасары.

Мерекелік шара естелік суретке түсумен аяқталды. Салтанатты жиын қала әйелдерінің қоғамдағы жоғары мәртебесі мен еңбегінің мемлекет тарапынан лайықты бағалануының айқын көрінісі болды.