Rasmedia.kz
БілімЖаңалықтарТехнология

AI SilkNet: ғылым мен технологияны тоғыстырған жаңа кезең

Елімізде ғылым мен технология саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған AI SilkNet орталығы жұмысын бастады. Жоба Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы бастамасымен жүзеге асырылып отыр.

Аталған бастама «Қазақстан ғылымы мен технологияларының форсайты: деректерден шешімдерге» атты стратегиялық сессия барысында таныстырылды. Іс-шара ұлттық форсайт-зерттеулер мен предиктивті талдау жүйесін дамытуға, сондай-ақ ел және өңірлер деңгейінде бірыңғай ғылыми болжам жасау тетігін қалыптастыруға арналды.

Сессияның ашылуында Академия президенті Ақылбек Күрішбаев ғылыми-технологиялық дамуды басқарудың жаңа үлгісін ұсынды. Оның айтуынша, ендігі модель жүйелілікке, стратегиялық басымдықтарды айқындауға және ресурстарды тиімді шоғырландыруға негізделеді. Бұған дейінгі бытыраңқы жобалар мен фрагменттелген қаржыландырудың орнына әлеуметтік-экономикалық даму стратегияларымен ықпалдасқан басқарылатын ғылым архитектурасын қалыптастыру көзделіп отыр.

Жаңа тәсіл ғылымды жеке бастамалардың жиынтығы емес, нақты өлшенетін нәтижеге бағытталған тұтас жүйе ретінде қарастыруды ұсынады. Сарапшылардың пікірінше, қаржыны барлық бағытқа тең бөлу тәжірибесі серпінді нәтиже бермейді. Мәселен, 2025–2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсында бағыттардың 42 пайызы бойынша бір ғана өтінім тіркелген. Бұл бәсекенің жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Ұсынылған модель үш негізгі қағидатқа сүйенеді:

– мемлекеттің және экономиканың стратегиялық міндеттеріне бағдарлану;

– ғылыми әлеует пен инфрақұрылымды тиімді пайдалану;

– жаңа технологиялық «мүмкіндіктер терезелерін» дер кезінде игеру.

Ғылыми басымдықтар төрт деңгей бойынша айқындалмақ. Стратегиялық жобаларға жалпы қаржыландырудың кемінде 40 пайызы бағытталады. Перспективалы бағыттарға – 20 пайызға дейін, базалық зерттеулерге – 20 пайызға дейін, ал жаңа және дамып келе жатқан ғылыми салаларды қолдауға тағы 20 пайызға дейін қаржы бөлу жоспарланған.

Өңірлік ерекшеліктер де назардан тыс қалмайды. Басымдықтарды қалыптастыру кезінде жергілікті ресурстар, бизнес сұранысы мен аймақтық міндеттер ескеріледі. Бұл өңірлік ғылыми күн тәртібін ұлттық жүйеге кіріктіруге мүмкіндік береді.

Жаңа архитектураның өзегіне айналған AI SilkNet форсайт және предиктивті аналитика орталығы Корей ғылыми-техникалық ақпарат институты (KISTI) серіктестігімен құрылды. Орталық жаһандық ғылыми деректерді талдап, мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты сараптамалық тұрғыда сүйемелдейді. Болашақта оның қызметі Орталық Азия елдерін де қамтуы мүмкін.

Сессия аясында AI SilkNet ақпараттық-талдамалық платформасы таныстырылды. Бұл жүйе ғылыми және индустриялық деректерді біріктіріп, перспективалы зерттеу бағыттарын айқындауға, технологиялық тәуекелдерді бағалауға және ұзақ мерзімді стратегияларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Шараға 400-ден астам отандық және шетелдік ғалымдар, салалық министрліктер, жергілікті атқарушы органдар, бизнес қауымдастықтар, ЖОО және ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.

Стратегиялық жиынның басты оқиғасы – AI SilkNet Қазақстан–Корея жасанды интеллект орталығының ресми ашылуы болды. Жоба Ұлттық ғылым академиясы мен Корей ғылыми-техникалық ақпарат институты арасындағы бірлескен бастама ретінде іске асырылып отыр. Ашылу рәсіміне KISTI президенті доктор Сик Ли және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

AI SilkNet – еліміздегі ғылыми-технологиялық форсайт пен предиктивті аналитикаға арналған алғашқы ұлттық платформа. Орталық ғылыми, технологиялық және индустриялық деректерді интеграциялап, ҒЗТКЖ бағыттарын ғылыми негізде айқындауға жағдай жасайды. Сонымен қатар ғылым, мемлекет және экономиканың нақты секторын байланыстыратын маңызды буынға айналмақ.

Айта кетейік, KISTI – Оңтүстік Кореядағы ғылыми-техникалық ақпарат пен болжау саласындағы жетекші институттардың бірі. Ол жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеу технологияларын ғылыми зерттеулерге енгізу және ұлттық ғылыми инфрақұрылымды дамыту бағытында маманданған.

Сарапшылардың бағалауынша, AI SilkNet орталығының іске қосылуы Қазақстан ғылымына озық халықаралық тәжірибені енгізіп, деректерге негізделген басқару мәдениетін қалыптастыруға серпін береді.