Қазақстанда су арналары кезең-кезеңімен цифрлық жүйеге көшіріледі. Алайда бұл өзгерістер суармалы су құнының қымбаттауына әкелмейді. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов мәлім етті.
Оның айтуынша, Ислам даму банкі тарапынан берілген қарыздың алғашқы траншы аясында еліміздегі 103 су арнасын цифрландыру жоспарланып отыр. Алынған несие мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі. Вице-министр тарифтерді көтеру арқылы қарызды жабу мәселесі күн тәртібінде жоқ екенін нақтылады.
Сонымен қатар гидротехникалық нысандарды цифрландыруға суармалы су тарифтері есебінен 600 миллион теңге қарастырылғаны айтылды.
Дегенмен бұл қаржы су бағасының өсуіне себеп болмайды. Себебі суармалы су тарифтері 2024 жылы бекітілген және олар 2028 жылға дейін өзгеріссіз қалады.
