Rasmedia.kz
ЖаңалықтарСаясатТехнология

Алматыда референдумға дайындық барысы: учаскелер мен сайлаушылар тізімі нақтылануда

Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша жалпыхалықтық референдум 15 наурызға белгіленген. Алматы қаласында алдағы саяси науқанға дайындық жұмыстары қалай ұйымдастырылып жатқаны жөнінде аумақтық референдум комиссиясы мәлімет берді.

Комиссияның хабарлауынша, барлық шаралар Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес іске асырылуда. Қалада 9 аумақтық комиссия (1 қалалық және 8 аудандық) және 654 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істейді. Дайындық аясында комиссия мүшелерін оқыту, дауыс беру учаскелерін техникалық жабдықтау, дауыс берушілер тізімін нақтылау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Дауыс беру күні мегаполисте 654 учаске ашылады. Олардың қатарында уақытша тіркеуде тұрған азаматтарға арналған арнайы учаскелер де бар.

  • Сайлаушылар саны нақтыланып жатыр

Ақпан айындағы дерекке сәйкес, референдумға қатысу құқығына ие азаматтардың тізіміне шамамен 1,3 миллион адам енгізілген. Тізімдерді жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады, осыған байланысты мәліметтерді нақтылау жалғасуда. Соңғы нұсқаны учаскелік комиссияларға 22 ақпанда, яғни дауыс беруге 20 күн қалғанда тапсыру жоспарланған.

Тізімдер бекітілгеннен кейін комиссиялар тұрғындарға дауыс беру уақыты, күні және учаске мекенжайы көрсетілген шақыру қағаздарын тарата бастайды.

  • Учаскені қалай білуге болады

Алматы тұрғындары өздерінің тізімге енгізілгенін және дауыс беру учаскесінің мекен-жайын бірнеше тәсіл арқылы тексере алады. Атап айтқанда, 1308 нөмірі бойынша бірыңғай Call-орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар тиісті сервистер іске қосылған соң, қала әкімдігінің ресми сайты, Open Almaty платформасы және Telegram-бот арқылы ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылады.

Уақытша тіркеуге байланысты қызметтер 40 референдум учаскесінде ұйымдастырылады. Бұл ретте тіркеу рәсімдері уәкілетті мемлекеттік органдар құзыретіне жататыны атап өтілді.

  • Қолжетімді ортаға басымдық берілген

Дауыс беру учаскелері барлық азаматтарға қолайлы жағдай жасау талаптарына сай жабдықталады. Учаскелер бірінші қабаттарда орналасып, пандустармен және арнайы тұтқалармен қамтамасыз етіледі. Мүгедектігі бар азаматтар үшін бейімделген жасырын дауыс беру кабиналары, тактильді бағыттағыштар, Брайль шрифтімен жазылған материалдар мен үлкейткіш құралдар әзірленеді.

Сондай-ақ арнайы техникалық құралдармен жабдықталған жұмыс орындары қарастырылған. Денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар тұрғылықты жері бойынша дауыс бере алады. Ол үшін референдум күні сағат 12:00-ге дейін учаскелік комиссияға жазбаша өтініш беру қажет.

  • Учаскелердің жұмыс тәртібі

Дауыс беру жергілікті уақытпен 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Қажет болған жағдайда аумақтық комиссиялар бұл уақытты өзгерте алады, алайда дауыс беру таңғы 06:00-ден ерте басталмайды және 22:00-ден кеш аяқталмайды.

Алматыда референдум өткізуге 4 552 учаскелік комиссия мүшесі тартылған. Дауыс беруді ұйымдастыру мен дауыстарды санау рәсімдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.