Биыл Қазақстанда дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері бойынша жалпы қуаты 2,64 гигаватт болатын нысандарды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл жобалар 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай елдегі электр энергиясы тапшылығын жоюға, ал 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында өткен жылы 3,7 млрд киловатт-сағат электр энергиясы импортталғанын атап өтіп, жаңа генерация көздерін іске қосуды жеделдетуді тапсырған болатын.
Жоспарға сәйкес, 2026 жылы төрт бу-газ қондырғысы (БГҚ), екі жел электр станциясы, төрт күн электр станциясы іске қосылып, екі электр станциясын кеңейту көзделген. Жаңа нысандардың жылдық өндіріс көлемі шамамен 16 млрд киловатт-сағатты құрайды.
Энергия қауіпсіздігін арттыруда жиынтық қуаты 2,4 ГВт болатын ірі бу-газ қондырғылары негізгі рөл атқарады. Оңтүстік өңірлерде төрт БГҚ пайдалануға беріледі. Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын станцияда іске қосу-реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Түркістан облысында 1 ГВт-тық ірі жоба құрылысы жалғасуда.
Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО-3 базасында жалпы қуаты 1,1 ГВт болатын заманауи бу-газ қондырғылары салынуда. Бұл мегаполисті сенімді әрі экологиялық тұрғыдан тиімді энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, «Текелі энергия кешенінде» (17 МВт) және Атырау ЖЭО-да өңірлік генерацияны күшейту шаралары іске асырылуда. Атырауда қуаты 60 МВт болатын жаңа турбоагрегат пен қазандық іске қосылады.
Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да басымдық берілуде. Биыл жалпы қуаты 245 МВт болатын бірқатар ЖЭК нысандары іске қосылады. Қостанай облысында «Aspan Energo» (50 МВт) және «Гиперборея» (100 МВт) жел станциялары пайдалануға беріледі. Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай және Жетісу облыстарында жиынтық қуаты 92 МВт болатын төрт күн электр станциясы іске қосылмақ. Түркістан облысында шағын су электр станциясы жұмысын бастайды.
