«ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясы 15 наурызға жоспарланған референдумға тәуелсіз бақылаушылар ретінде қатысатынын хабарлады.
Коалиция таратқан мәлімдемеде Конституцияның елдегі мемлекеттік басқару жүйесін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін және мемлекеттің даму бағытын белгілейтін стратегиялық құжат екені атап өтіледі. Осыған байланысты ұйым өкілдері дауыс беру үдерісінің ашық, заңға сай әрі әділ өтуінің маңыздылығына назар аударған.
«Басты міндетіміз – референдумның барлық кезеңінде қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету. Жұмыс республика аумағында жүйелі түрде ұйымдастырылады. Байқаушыларымыз дауыс беру учаскелері ашылған уақыттан бастап қорытындылар жарияланғанға дейін бақылау жүргізеді», – делінген коалиция хабарламасында.
Ұйым өкілдерінің пікірінше, қоғамдық сенім ең алдымен заң талаптарын мүлтіксіз орындау және нақты іс-әрекеттер арқылы қалыптасады. Сондай-ақ тәуелсіз бақылау дауыс беру науқанының ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды құрал ретінде бағаланады.
Коалиция мәліметінше, бірлестік құрамына елдегі қоғамдық үдерістерге белсенді қатысатын азаматтар енген. «Әрбір қазақстандықтың таңдауы ескеріліп, еркі әділ көрініс табуы – ортақ жауапкершілік», – деп атап өтті ұйым өкілдері.
