Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамЭкономика

Президент Түркістан өңіріндегі арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын үлгі етті

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) тиімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы бұл алаңдардың инвестиция тартудағы рөлін күшейту қажеттігін айтып, Түркістан облысы мен Астана қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды оң мысал ретінде келтірді.

Президенттің айтуынша, арнайы экономикалық аймақтар жаңа экономикалық тетіктер мен заманауи шешімдерді сынақтан өткізетін негізгі платформаға айналуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі даму тәсілдерін қайта қарау маңызды екенін атап өтіп, Үкіметке үш ай ішінде АЭА-ларды жетілдірудің жаңа моделін бекітуді тапсырды. Сонымен қатар, бұл бағытта нақты нәтижеге қол жеткізу үшін өңірлердің табысты тәжірибесін қолдану қажет екенін жеткізді.

Бүгінде Түркістан облысында инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру, өндірістік жобаларды сүйемелдеу және дайын инфрақұрылым ұсыну бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірде жалпы аумағы 4397 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Сонымен бірге инженерлік желілермен қамтамасыз етілген 21 индустриалды аймақ бар.

Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында шағын өнеркәсіптік парктер дамытылуда. Бұл нысандарда өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген талаптармен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі таңда облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өнеркәсіптік парктердің құрылысы жалғасып, жалпы саны 258 өндірістік нысан бой көтеруде. Оның ішінде 45 ғимарат пайдалануға беріліп, 32 жоба іске қосылған.

Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында әкімшілік кедергілерді азайту мен жедел шешім қабылдаудың маңыздылығын да атап өтті. Бұл ретте Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және капитал тарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді.

Өңірдің инвестициялық көрсеткіштері де оң динамиканы көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 746 млрд теңгеге жетіп, жоспар 121,6 пайызға орындалды. Ал шетелдік инвестициялар бойынша жоспарланған 475 млн доллардың орнына 1,4 млрд АҚШ доллары тартылған.

Өткен жылы өңірде 340 млрд теңгеге 58 жоба іске асырылып, 8 340 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2026–2029 жылдар аралығында жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл бастамалар нәтижесінде 20 мыңға жуық жоспарланған жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру өңір экономикасының әртараптануына және өндірістік әлеуеттің артуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге жаңа кәсіпорындардың ашылуы шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жұмыспен қамту көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етеді.

Өңірде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктері жетілдіріліп, кәсіпкерлерге әкімшілік рәсімдерді жеңілдету бағытында нақты шаралар қабылдануда. Инвесторларға дайын инфрақұрылым ұсыну, инженерлік желілермен қамтамасыз ету және жобаларды іске асыру барысында жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Бұдан бөлек, индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктердің ауқымын кеңейту арқылы жаңа өндірістерді орналастыруға қолайлы жағдай жасалуда. Бұл қадамдар өңірге отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттырып, экономикалық белсенділікті күшейтуге бағытталған.

Түркістан облысында алдағы уақытта да инвестициялық тартымдылықты арттыру, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Аймақтың экономикалық даму стратегиясында жоғары қосылған құны бар жобаларды жүзеге асыруға және заманауи технологияларды енгізуге басымдық берілмек.