Rasmedia.kz
ЖаңалықтарСпорт

Қажымұқан рухына тағзым: Отырарда облыстық жарыс басталды

Отырар өңірінде әйгілі балуан, қазақ спортының аңыз тұлғасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың 155 жылдық мерейтойына орай жасөспірімдер арасында қазақ күресінен облыстық ашық жарыс бастау алды.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен спорт ардагері Төрәділ Тұрабаев сөз сөйлеп, қатысушыларға табыс пен жарқын жеңістер тіледі. Олар Қажымұқанның ұлттық спорт тарихындағы айрықша орны мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін атап өтті.

Байрақты бәсекеге еліміздің бірқатар аймақтарынан, атап айтқанда Астана, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарынан келген жалпы саны 750 жас спортшы қатысуда. Шараның негізгі міндеті – қазақ күресін кеңінен дәріптеу, белсенді әрі салауатты өмір салтын насихаттау және жас балуандардың шеберлігін шыңдау.

Турнир екі күн бойы өтеді. Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан спортшылар арнайы марапаттар мен сыйлықтарға ие болады.