Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтарИнклюзия

Алматыда инклюзивті спорт инфрақұрылымы кеңейтілуде

Алматы қаласында инклюзивті спортты дамытуға арналған жаңа спорт кешенінің құрылысы бастау алды. Жоба мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қолайлы жағдай жасап, қаладағы спорт нысандарының қолжетімділігін кеңейтуді мақсат етеді.

Қалалық Спорт басқармасының дерегіне сәйкес, екі қабатты спорт орталығының жалпы аумағы 7,6 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда жүзу бассейндері, әмбебап және жаттығу залдары, үстел ойындары мен үстел теннисіне арналған арнайы кеңістіктер, садақ ату залы және конференц-зал орналастырылады.

Жаңа орталықта инклюзивті және бейімделген спорт түрлері бойынша тұрақты жаттығулар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, бадминтон, дзюдо, таэквондо, отырып ойнайтын волейбол, голбол, бочча, арба биі, паравелоспорт пен ату спорты қамтылады.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың тамыз айында басталған. Спорт кешенін 2026 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.