Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Мемлекет басшысы мен Пәкістан Премьер-министрінің қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттар рәсімделді. Атап айтқанда, тараптар тау-кен өнеркәсібі мен геология, бітімгерлік қызмет, экстрадиция, көлік және транзиттік сауда, кеден ісі, теміржол қатынасы, карантин және өсімдіктерді қорғау, ветеринария, денсаулық сақтау, климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін келісімдерге қол қойды.
Сонымен қатар жасанды интеллект, цифрландыру және цифрлық активтер, қаржы нарығын реттеу, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық, білім және кәсіби даярлық, бұқаралық ақпарат құралдары, логистика және порт инфрақұрылымы бағыттары бойынша өзара түсіністік туралы меморандумдар қабылданды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Associated Press of Pakistan арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Сондай-ақ Қазақстан темір жолы мен National Logistics Corporation арасында логистика саласындағы өзара іс-қимыл жөнінде келісімге қол қойылды.
Бұдан бөлек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Пәкістанның Білім және кәсіби даярлық министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандум рәсімделді. Көлік саласында Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Карачи порты арасында ақпарат алмасу және кәсіби даму бағытындағы ынтымақтастық құжаты қабылданды.
Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысының Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында аталған құжаттардан бөлек, қосымша тағы 18 екіжақты келісімге қол қойылғаны хабарланды.
