Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтар

Түлкібас ауданында заманауи шипажай ғимараты пайдалануға берілмек

Биыл Түлкібас ауданында жеке қаражат есебінен салынған Ақсу-Жабағылы шипажайының жаңа ғимараты пайдалануға берілмек. Қазіргі кезеңде бес қабатты емдік-сауықтыру кешенінде ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Құрылыс нысанына аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты сала өкілдерімен бірге арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап шықты. Сапар барысында шипажай басшылығымен бірге жаңа корпус араланып, жобаның негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлары таныстырылды.

Жаңа ғимарат бір уақытта 250 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Мұнда тыныс алу жүйесі, сүйек-буын және жүйке жүйесі ауруларын емдеуге арналған қызмет түрлері көрсетіледі. Алғашқы қабатта заманауи медициналық құралдармен жабдықталған реабилитация орталығы орналасса, жоғарғы қабаттарда демалушыларға арналған жайлы әрі қолайлы бөлмелер қарастырылған.