Алматы қаласының активімен өткен жиында қала әкімі Дархан Сатыбалды елде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаны іске асырудың өзекті бағыттарына тоқталды. Кездесуге мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және қалалық қызметтердің жетекшілері қатысты.
Жиын барысында Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен қолға алынған ауқымды конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және ұлттық бірлікті күшейтуге бағытталған.
Қала әкімі құжатта адами капиталды дамыту, білім беру, ғылым мен инновацияны мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары ретінде белгілеу көзделгенін атап өтті. Сонымен қатар азаматтардың мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысу аясы кеңейіп, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлі артады. Бұл өз кезегінде шешім қабылдау ашықтығын күшейтіп, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында қалалық мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев жаңа Конституция жобасын қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, құжат азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қатысқан кең көлемді қоғамдық талқылау нәтижесінде әзірленген.
«Бұл жоба қоғамның саяси жүйені жаңғыртуға, мемлекет пен азаматтар арасындағы әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға деген сұранысын айқын көрсетеді», – деді ол.
Жиын соңында Алматы әкімі жаңа Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешім республикалық референдумда қабылданатынын атап өтті. Сондай-ақ конституциялық өзгерістердің негізгі ережелері мен мазмұнын халыққа жан-жақты түсіндіру үшін барлық деңгейдегі атқарушы және өкілді органдардың бірлескен әрі жүйелі жұмысының маңыздылығына назар аударды.
