Rasmedia.kz
ДенсаулықЖаңалықтарСпорт

Жастар таңдауы – спорт: Алматы облысында джиу-джитсу турнирі өтті

Алматы облысында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған джиу-джитсудан «Sagadat Batyr Festival» турнирі ұйымдастырылды. «Есірткісіз болашақ» ұранымен өткен жарысқа 100-ден астам жас спортшы қатысты.

Дода барысында жасөспірімдер өздерінің физикалық дайындығын ғана емес, салауатты әрі белсенді өмір салтын таңдаған саналы ұрпақ екендерін көрсетті. Турнир жастарды спортқа баулып, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейтін маңызды қоғамдық алаңға айналды.

Жарыстың басты ұйымдастырушысы – Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, джиу-джитсудан қара белбеу иегері, Sagadat Batyr – QTT клубының бас бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров.

Іс-шара Алматы облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыстық Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңестің ресми қолдауымен өтті. Турнир барысында Алматы облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ерекше маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Алтын Темірғалиева жас спортшыларға ақ тілегін арнады.

«Спорт – бұл күш-қуат, денсаулық және есірткісіз өмірді саналы түрде таңдау. Бүгінгі турнир жастарымыздың дұрыс бағытты таңдағанын айқын көрсетіп отыр», – деді ол.

Турнирге спорт саласы мен өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар құрметті қонақтар қатысты. Олардың қатарында қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы, ММА кәсіпқой файтері Сара Рахмонова, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Сергей Гориной, сондай-ақ Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшелері Алихан Мамыров пен Мейіржан Алмас болды.

Қонақтар марапаттау рәсіміне қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен бағалы сыйлықтарды табыстады. Жарысты қорытындылаған Нұрсұлтан Орынбасаров мұндай бастамалардың тәрбиелік әрі әлеуметтік маңызына тоқталды.

«Мұндай турнирлер жастарды белсенді спорттық ортаға тартып, жат қылықтарға қарсы төзімділігін қалыптастырады. Бұл – алдын алудың тиімді жолы. Біз қауіпсіз әрі салауатты болашақ құруға бағытталған жобаларды алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деп атап өтті ол.