Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғам

Алматылық еріктілер қоғамдық бақылау арқылы жемқорлыққа тосқауыл қоюда

Алматыда «Жемқорлыққа қарсы еріктілер» бастамасын жүзеге асыру барысында шамамен 2,5 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік туды. Қоғамдық бақылау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына 300-ден астам адам тартылған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Әділет жастар одағы» жастар антикоррупциялық қозғалысының жетекшісі Ерболат Тұрлан хабарлады.

Жоба 2025 жылы Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының қолдауымен іске асырылған. Негізгі мақсат – қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, жастардың құқықтық және қаржылық білімін арттыру, сондай-ақ олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау. Спикердің сөзінше, жоба аясында жастар ақпараттандырумен қатар, қоғамдық бақылау механизмдеріне де тікелей тартылған.

Жыл ішінде қаланың барлық аудандарын қамтыған 300-ден астам ерікті жұмысқа жұмылдырылды. Алматы тұрғындары үшін еріктілер, тәжірибелі заңгерлер және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен 20-дан аса көшпелі кеңес өткізілген.

Қоғамдық бақылау барысында жол жөндеу жұмыстарының сапасы, балалар мен спорт алаңдарының жай-күйі, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктердің тазалығы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің жекелеген кезеңдері мен көлік инфрақұрылымының кейбір нысандары зерделенді. Анықталған деректер тиісті құжаттармен бірге Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне жолданған.

Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарымен бірлесіп Алматы–1 – Отар теміржол бағытына мониторинг жүргізілді. Мектептер мен колледждерде ұйымдастырылған кездесулерде жастарға адалдық, жауапкершілік құндылықтары және «Заң және тәртіп» қағидаттары түсіндірілді.

Ерболат Тұрланның айтуынша, қоғамдық бақылау әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан өз тиімділігін көрсетті. Осы нәтижелерге сүйене отырып, бастама «Әділет жастар одағы» жастар қозғалысы ретінде қайта форматталып, бүгінде жүйелі әрі ұзақ мерзімді бағытта жұмысын жалғастырып келеді.

Қазіргі таңда қозғалыс жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту, цифрлық және қаржылық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ киберволонтерлік бағытты дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл іске 3 мыңнан астам адам тартылған. Олардың көмегімен заңсыз контенті бар 737 интернет-ресурс анықталып, бұғатталған.

Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту жылы болып жариялануына орай, қозғалыс алдағы уақытта кибералаяқтықтың алдын алу шараларын күшейтуді көздеп отыр. Ағартушылық кездесулер тек білім беру мекемелерінде ғана емес, сонымен қатар еңбек ұжымдары мен қала тұрғындары арасында Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп өткізілмек.