Прокуратура органдарында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті кеңінен қолдану мәселелері арнайы жедел кеңесте талқыланды. Жиын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірыңғай ахуалдық орталығында өтіп, Мемлекет басшысының прокуратура жүйесін цифрландыруға қатысты берген нақты тапсырмаларын іске асыруға арналды.
Кездесу барысында Бас Прокурор Берік Асылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы мемлекеттік басқару саласын жаңғыртудың негізгі бағыты екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама құқық қорғау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға жол ашады.
Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу қадағалау тетіктерін күшейтіп қана қоймай, заң бұзушылықтардың алдын алуға, тәуекелдерді алдын ала анықтауға және артық әкімшілік рәсімдерді қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге азаматтардың құқықтарын қорғау сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Жиында прокуратура органдары қолданатын ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылды. Қазіргі таңда бұл жүйелер 350-ден астам мемлекеттік ақпараттық ресурспен, оның ішінде құқық қорғау органдарына тиесілі 45 дерекқормен тікелей интеграцияланған. Мұндай өзара байланыс мемлекеттік органдар арасындағы деректер алмасуды жеделдетіп, қызметтердің қайталануын және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын азайтуға бағытталған.
Кеңесте киберқауіпсіздік мәселелері мен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шараларына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы мен есірткі трафигі және прекурсорлардың заңсыз айналымын талдаумен айналысатын Таргетинг-орталықтың жұмысы баяндалды. Аталған құрылымдардың қызметі нақты құқық бұзушылықтарды анықтауға және жедел ден қоюға мүмкіндік бергені айтылды.
Инвестициялық климатты жақсарту мәселесі де күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Инвесторлардың құқықтарын қорғау және ірі жобаларды цифрлық форматта сүйемелдеу үшін әрбір маңызды инвестициялық жобаға прокуратура қызметкерлері бекітілген. Бұл әкімшілік тосқауылдарды азайтып, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды тиімді ұйымдастыруға және дауларды сотқа жеткізбей шешуге бағытталған.
Сонымен қатар кадрлық әлеуетті дамыту мәселесі қозғалды. Прокуратура қызметкерлерін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйрету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекеттік басқару академиясы базасында іске асырылып жатқан «AI Qyzmet» бағдарламасы аясында бүгінге дейін прокуратура органдарының шамамен 700 қызметкері арнайы даярлықтан өткен.
Жиынды қорытындылаған Бас Прокурор цифрлық жаңғыру прокуратура қызметінің тиімділігін арттырудың басты шарттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар Президент белгілеген «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға, заң үстемдігін нығайтуға және қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға қызмет етеді.
