Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғамСаясат

Қаржылық мониторинг агенттігінде Президенттің қатысуымен жиын өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Президент Агенттіктің бес жыл бұрын елде ауқымды реформалар жүргізілген тарихи кезеңде құрылғанын еске сала отырып, осы уақыт ішінде жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып келе жатқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қысқа мерзім ішінде елеулі нәтижелерге қол жеткізіліп, маңызды тәжірибе жинақталған. Қазіргі таңда Қаржылық мониторинг агенттігі елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша мәнге ие дербес құрылым ретінде қалыптасты.

«– Бұл жетістік табанды еңбек пен адал қызметтің нәтижесі. Агенттік қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Дегенмен, алда тұрған міндеттер ауқымды. Әсіресе цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект жедел дамып жатқан заманда жұмыс тәсілін түбегейлі жаңарту қажет. Бұл туралы мен «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда және Ұлттық құрылтайда нақты айттым,» – деді Президент.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігінің технологиялық дамудан кейін қалуы ұлттық қауіпсіздікке елеулі қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.

Президенттің пікірінше, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект жүйелерін Агенттік қызметіне кеңінен енгізу – кейінге қалдыруға болмайтын басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар қазіргі таңда қылмыстық орта да заманауи технологияларды белсенді пайдаланып отырғанын атап өтті.

«– Құқық қорғау органдары заман талабына сай әрекет етуі тиіс. Тиімді жұмыс үшін батыл шешім қабылдап, нақты әрі нәтижелі қадамдар жасау қажет. Озық цифрлық құралдар елдегі реформалардың жедел және сапалы жүзеге асуына ықпал етеді. Бұл Қазақстанның экономикалық жаңғыру жолындағы маңызды басымдықтардың бірі,» – деді Мемлекет басшысы.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық барлау саласы қызметкерлерінен жоғары жауапкершілікке негізделген, жасампаз отаншылдықты талап ететінін жеткізді. Оның айтуынша, шынайы патриотизм адал еңбекпен, кәсібилікпен және әділдікпен өлшенеді.

– Жемқорлыққа, ашкөздікке немесе сауатсыздыққа бой алдырған адамды патриот деуге болмайды. Патриотизм – сөзбен емес, нақты іспен дәлелденетін ұғым. Әр азамат өз жұмысын сапалы атқарса, сол нағыз патриот болады, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы тексеру іс-шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға және бюджет қаражатын уақытылы игеруге кедергі келтірмеуі керектігін айтты. Ақпараттық және коммерциялық қауіпсіздікті, сондай-ақ азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесіне басымдық беру қажеттігін атап өтті