Rasmedia.kz
ЖаңалықтарҚоғам

2025 жылы Қазақстанда қандас мәртебесін алған этникалық қазақтар саны 16,8 мыңға жетті

2025 жылы 16 805 этникалық қазақ тарихи отанына қоныс аударып, қандас мәртебесін алды. Ал 1991 жылдан бері Қазақстанға оралған этникалық қазақтардың жалпы саны 1 млн 164,8 мың адамға жеткен. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, елге көшіп келген қандастардың ең көп бөлігі Өзбекстаннан (44,5%) және Қытайдан (44,1%) келген. Сондай-ақ Түрікменстаннан – 4%, Моңғолиядан – 3%, Ресейден – 2,5% және өзге мемлекеттерден – 1,9% этникалық қазақ қоныс аударған.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша этникалық қоныс аударушылардың 57,4 пайызы еңбекке қабілетті жаста болса, 34 пайызы – еңбек жасына толмағандар. Ал зейнет жасындағы азаматтар үлесі 8,6 пайызды құрайды. Еңбекке жарамды қандастардың 15 пайызы жоғары білімді, 27,5 пайызы орта кәсіби білімге ие. Ал 51,2 пайызы жалпы орта біліммен шектелсе, 6,3 пайызының білімі жоқ.

Елге келген қандастар республиканың түрлі өңірлеріне орналастырылған. Атап айтқанда, еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген.

2025 жылы аталған өңірлерге 2 309 қандас қоныс аударып, жылдық квота толық орындалды. Бұл өңірлерге көшкен азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Соның ішінде көшуге байланысты отағасына және отбасының әрбір мүшесіне бір реттік 70 АЕК (275,2 мың теңге) көлемінде субсидия беріледі. Сонымен бірге тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді өтеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (59 мыңнан 118 мың теңгеге дейін) қаржылай көмек қарастырылған.

2025 жылы 1 834 қандас түрлі қолдау тетіктерімен қамтылды. Атап айтқанда, 428 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Бұдан бөлек, ерікті қоныс аударуды күшейту мақсатында солтүстік өңірлерге көшуді қолдайтын жұмыс берушілерге арналған институционалдық шаралар енгізілді. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты іске қосылды. Өткен жылы бұл мүмкіндікті 586 отбасы пайдаланған.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап экономикалық ұтқырлық сертификатының көлемі 1 625 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.