Rasmedia.kz
Жаңалықтар

Елена Рыбакина Australian Open жарысында жартылай финалға жолдама алды

Қазақстан намысын қорғап жүрген, әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына шықты.

Ширек финалдық кезеңде қазақстандық теннисші әлемнің екінші ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен кортта жолықты. Бұған дейін екі спортшы 11 мәрте кездесіп, оның алтауында Швентек жеңіске жеткен еді.

Кездесудің алғашқы партиясы аса тартысты өрбіді. Қарсыластар бірнеше рет брейк жасап, есеп тең сақталды. Алайда шешуші сәтте, 6:5 есебінде Рыбакина брейк жасап, сетте 7:5 есебімен басым түсті.

Екінші сетте Елена басымдықты бірден қолға алып, 2:0 есебімен алға шықты. Одан кейін ойын тізгінін бермей, матчты сенімді түрде аяқтады — 6:1.

Ойын бір сағат 35 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Рыбакина 11 эйс орындап, жеті брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды. Ал Швентек үш эйс жасап, төрт брейк-пойнттың біреуін ғана жүзеге асырды.

Осылайша, Елена Рыбакина кәсіби мансабында екінші рет Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалында өнер көрсетеді.

Финалға шығу үшін қазақстандық теннисші америкалық спортшылар — әлемнің төртінші ракеткасы Аманда Анисимова немесе рейтингте алтыншы орында тұрған Джессика Пегуламен күш сынасады.