«Әділетті Қазақстан» реформасының өзегі — өңірлік даму және ауылдық жерлердегі өмір сапасын қала деңгейіне жақындату. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалармен қатар, азаматтық қоғамның белсенділігі де маңызды рөл атқарады. Осы игі істің жарқын үлгісі Жетісай ауданында көрініс тапты: Ж. Ералиев ауылдық округіндегі «Дәуір» мектебінің түлектері туған ауылына заманауи ойын және спорт кешенін тарту етіп, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға өз үлестерін қосты.
Ауыл инфрақұрылымын жаңғырту — өңірлік дамудың негізі
«Әділетті Қазақстан» реформасы аясында ауылдарды дамыту — мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Жетісайлық түлектердің бұл қадамы ауылдағы өмір сапасын жақсарту тұжырымдамасымен толық үндеседі. Оқу жылының аяқталуы қарсаңында ашылған бұл нысан тек балалардың көңіл көтеретін орны емес, бұл — ауылдың әлеуметтік келбетін өзгертетін заманауи сәулеттік нысан.
Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Серік Мамытов пен мәслихат депутаттары атап өткендей, ауылдық жерлерде балалар мен жастарға қолайлы орта қалыптастыру — ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттырудың алғашқы сатысы.
Жауапты азамат және жаңа патриотизм қағидалары
Президентіміз ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы мен жаңа патриотизм қағидасы құрғақ сөзден емес, нақты істен тұрады. «Туған жерге туыңды тік» ұранын іс жүзінде дәлелдеген 2006 жылғы түлектер өздері өскен «алтын бесік» ауылдарына деген сүйіспеншіліктерін осылайша көрсетті.
Алаңшаның техникалық жабдықталуы заманауи стандарттарға сай:
Спорттық даму: Бұқаралық спортты насихаттау үшін арнайы жаттығу құрылғылары мен волейбол алаңшасы салынған.
Цифрлық қауіпсіздік: Реформаның «Қауіпсіз ел» бағытына сәйкес, нысан аумағында тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл — ауыл балаларының қауіпсіздігіне жасалған маңызды қадам.
«Жақсылық эстафетасы» — қоғамдық келісімнің көрінісі
Аудан басшысы бұл бастаманы жоғары бағалап, оның өзгелерге үлгі болуы тиіс екенін айтты.
«Бұл — аудан азаматтары арасындағы жауапкершілік пен бірліктің көрінісі. Әрбір түлек ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып, елге қажетті осындай нысандарды салуға атсалысса ,бұл бастама – туған жерге деген жанашырлық пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі болмақ. Бұл — жақсылықтың үлкен эстафетасы болуы тиіс», — деді Серік Үсенұлы.
Ауыл ақсақалдарының ақ батасы мен бүлдіршіндердің шат күлкісі — атқарылған істің ең үлкен бағасы. Шара барысында балаларға сый-сияпат жасалып, мерекелік орта қалыптасты.
Ауыл инфрақұрылымын дамыту мен жастарға қолайлы орта жасау — мемлекет пен халықтың ортақ мақсаты. Жетісай ауданындағы бұл оқиға «Әділетті Қазақстан» реформаларының тек жоғарыда емес, жергілікті жерлерде, әрбір ауылда азаматтардың өз қолымен жүзеге асып жатқанын дәлелдейді.
